Өзіммен өзім егесу

Біреудің сүрінген тағдыры мен бүлінген өміріне сараптама жасап, өзімше ақыл айтуды ешқашан да мақсат тұтпағам. Көп адамның іс-әрекетін, беталысын құптай бермегенмен, өздерімен бетпе-бет келгенде ойымды айта алмай, іркіліп қаламын. Неге екен? Онсыз да жетісіп жүрген жоқ қой, мен үндемей-ақ қояйыншы, сүрінгенге жұдырық болмайыншы  десем керек іштей.

*********

 – Әлгі бір қыз осымен 4-ші рет түсік тастапты.

 –  Байқұс-ай, ештеңе етпейді, әлі-ақ оңалып кетер.

*********

– Ауылдағы класстасым бар ғой  ……. деген. Сол ше ағасын үйінен қуып жіберіп, жеңгесімен тұрып жатыр екен.

– Ееееее…

*********

   Бір таныс қыз отбасы бар еркектен балалы болды. Бала құшты, бірақ әлгі жігіт ізімғайып жоқ болды.

 – 24-ке келдім, құр жүргеннен гөрі… Нәресте сүйе алмайтындар да бар ғой. Сондай жандармен салыстырғанда мен бақыттымын /өзін ақтағаны/.

 – Иә, иә, әлі талай балаңның қызығына батып, бәрін ұмытарсың.

 – Жаман баймен тұрғанша, жалғыз болған артық.

 – Ештеңе етпейді, жұмысың бар, мәшинең бар. Бірдеме ғып өсірерсің.

Қыздар жағы шу-шуласып жұбатқан боп жатыр. Оның ішінде мен де бармын, пікір білдіріп жатпасам да, қыздарды қоштап «иә» деп қоям.

*********

 – Әйелін, бала-шағасын тастап, жас қыз алып кетіпті.

 – Құдааааай, ажырасып жатқан жалғыз отбасы ма екен.

*********

17-нде /11-сыныпта/ тұрмыс құрып, 18-де балалы болған қызды білем. «Ода тұрған не бар екен? Апаларымыз 14-15-нде тұрмыс құрған» деуіңіз мүмкін. Демес едім ештеңе, 2 жылдан соң ажырасып жатпаса. Алып қашу болмаған, Ромео мен Джульетта боп үйленген. Ажырасу себебі – қыз балалығынан арылмаған, үйін ұршықтай үйіріп әкете алмады, жігіт еркелігін көтере алмапты. Біз «Бопты, өздері көрер»,- дейміз.

*********

Осылайша принциптер тұншығып, мораль тапталып, жартылай жетімдер дүниеге келіп, ғұмырлардың быт-шыты шығып жатқаны. «Әй» дейтін әжелердің азайғандығы мен «қой» дейтін қожалардың сөзі өтпейтін заман болды ғой. Сырттай немқұрайлылық танытып, жұбату сөз айтқанмен, іштегі ойларым өзіме қарсы шығып жатады. Іштей сөгемін, ақыл да айтамын. Ақылым да, сөгісім де ішімде тұншығып қала береді. «Мынау қайдан шыққан данышпан?» демеңіз /десеңіз, өз еркіңіз/. Білем, «Не суди, не судим будешь». Бірақ қоғамның қотырын көріп, жәй жата алмайтын сияқтымын… («мен ештеңені ойламау, уайымдамау үшін бір шаригім кем болу керек» дейді апам)

3 thoughts on “Өзіммен өзім егесу

  1. Басында бар білгеніңді айтсаң, сен көре алмайтын, қызғанатын жау боласың ғой. Соңғы кездері түсінгенім бойынша әркім өзі білсін не істегісі келеді, соны істесін деу керек екен. Біз біреудің тағдырымен өмір сүрмейміз ғой, және біздің де өмірімізді ешкім сүрмейді. Қателессе өздері қателеседі, өз сыбағасын алады, оған біздің басымыз ауырмау керек. Сүрінген, қателескен адам мықты болса, өмірден өз философиясын алып, әлі-ақ бақытты ғұмыр кешіп кетеді.
    Бір жақсы адам айтушы еді, «Түбінде өлетін адамдардың мимырт тірлігі» – деп. Вот сол.

    • Рас, ББЖ деп-ақ өмір сүруге болар еді. Бірақ, сол қоғамда ертең менің балаларым өмір сүреді, сол жағдайларды қалыпты екен деп қабылдауы мүмкін. Үй, мектеп тәрбиесімен қоса қоғам да әсер ететіндіктен, балаларымның болашағына алаңдаймын. Оларды ешкіммен араластырмай тағы қоя алмаймын. Жалпы алғанда жоғарыда аталған жағдайлар ДҰРЫС ЕМЕС қой. Оны көрмегендей, түк болмағандай жүру мүмкін емес мен үшін.
      Ар, ұят, адамгершілік деген ұғымдарды ұмытпаса екен деген ниет қой бізде.

Пікір қалдыру